Жаңа оқу жылының басталуымен қатар Екібастұз қаласындағы Балаларды қолдау орталығында Қамқоршы ата-аналар мектебі өз есігін қайта айқара ашты. Мұнда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаға отбасы сыйлауды қалайтын жандар жиналды. Сабақты педагог-психолог Қудушева Алмагүл Рашитқызы жүргізеді.
Қамқоршы ата-аналар мектебіндегі әр сабақ – жай ғана дәріс немесе тренинг емес, бұл өмір, махаббат пен үміт туралы әңгіме. Мұнда ересектер тек баланы түсінуді ғана емес, өз-өзін тыңдауды – өз қорқынышы мен күмәнін, үмітін сезінуді де үйренеді. Себебі баланы отбасына қабылдау – бұл үлкен өзгеріске, жауапкершілікке және шексіз сүйіспеншілікке дайын болу деген сөз.
Курстың соңында қатысушылар қамқоршы ата-ана болуға дайын екендігін растайтын сертификат алады. Бірақ ең басты нәтиже – қағаз емес, адамның жүрегіндегі сенім мен жылулық сезімі. Қамқоршы ата-аналар мектебі – бұл тек білім ғана емес, үміт оянып, мейірім нұры тарайтын орын. Мұнда ересектер өз армандарына жақындай түседі, ал бір жерде, балалар үйінде, бір бала «мені де өз отбасым алып кетеді» деген сенімге ие болады.