Жедел психотравма кезінде Питер Левин әзірлеген арнайы ұсынымдар кешенін пайдалану ұсынылады. Оларды ересектер жарақат алған балаға көмектесу кезінде қолдануы қажет:
1. Өз реакцияңызға назар аударыңыз.
Баланың өміріне ештеңе қауіп төндірмейтініне көз жеткізген соң, өзіңіздің физиологиялық және эмоциялық жауабыңызды байқауға уақыт бөліңіз.
2. Балаңыздың дене қимылына және сөзіне назар аударыңыз.
Оның денелік реакцияларына сеніңіз және олардың барысына араласпаңыз. Бала қалтырап, дірілдеп немесе жыласа да – мұның бәрі шок жағдайынан шығудың қалыпты белгілері.
3. Бұл реакцияларды қолдаңыз.
Оған жылы сөздер айтып немесе жанасу арқылы мақұлдауыңызды көрсетіңіз.
4. Балаңыз сіздің назарыңызды сезінсін.
Қалтырау, дірілдеу немесе жылау тоқтаған соң, оның эмоциялық реакцияларын қолдайтыныңызды білдіріңіз. Ол қандай сезімде болса да, бұл сезімдердің дұрыс екенін, «жақсы» екенін, ал сіз оны тыңдауға дайын екеніңізді білуі керек. Баланың қорқынышын, қайғысын, ашуын, ұялуын немесе кінә сезімін сөкпеңіз – бұл көбіне өзіңіздің жағымсыз сезімдерден қашқыңыз келетіндіктен туындайды. Баланы шынайы «Менін» толық қабылдайтыныңызды көрсетсеңіз, ол бәрін жеңе алады.
5. Асықпаңыз.
Әрбір жаңа қадамнан кейін баланы бақылап, оның реакциясын күтіңіз. Ол кейде қашқысы келуі, тынысы жиілеп немесе жүрегі қатты соғуы мүмкін. Балаға қорқып жүрген жағдаймен немесе затпен бетпе-бет келуге көмектескенде, мұны біртіндеп жасаңыз. Сіздің қарқыныңыз баланың қажеттіліктеріне сәйкес болуы тиіс, әйтпесе тым күшті эмоциялық жарылыс туындауы мүмкін. Егер баланың қатты толқып кеткенін байқасаңыз, оны тыныштандырыңыз: жылы әрі сенімді дауыспен сөйлесіңіз, қолыңызға алыңыз, құшағыңызға қысыңыз.
6. Ойынды емдік құрал ретінде пайдаланыңыз.
Жұмсақ ойыншықтар, қуыршақтар мен кішкентай адам немесе жануар мүсіндері бала жарақатты жеңе алмай жүргенін байқасаңыз көмекші құрал бола алады. Ойын оның ауыр сезімдерінен арылуына көмектеседі.
Ересектер психологиялық жарақат алған балаларға барынша мұқият болуы тиіс.
Баланың әртүрлі жағдайдағы мінез-құлқын бақылау маңызды. Мінез-құлқы өзгерсе, маманға – психологқа немесе терапевтке – ертерек жүгінген жөн. Бұл сіздің күдігіңізді не растап, не жоққа шығарады әрі қажет қолдауға жол ашады.