22.10.2022ж. күні «Екібастұз қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» КММ –де домбыра кабинетінің салтанатты ашылуы болып өтті. Қазақтың қара домбырасының құдіреті мен қасиетін жас ұрпақтың бойына сіңіру мақсатында ашылған Домбыра кабинеті заманауи үлгіде жабдықталған. Біздің қамқоршымыз, жанашыр досымыз, сүйікті Ақмарал Рамазанқызының қолдауының арқасында Орталық тәрбиеленушілері осы таңғажайып аспаптың сиқырлы ішектеріне қол тигізіп, қазақ халқының мәдениетін насихаттайтын болады.
Бұл кабинет "Сәби бақытты" Қоғамдық қорының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды әлеуметтендіру жөніндегі қайырымдылық әлеуметтік жобасы шеңберінде жүзеге асырылды. Лентаны салтанатты түрде кесу құрметі "Сәби бақыты" ҚҚ басшысы Мамедова Ақмарал Рамазанқызына және домбыра үйірмесінің болашақ қатысушысы домбырада ойнау өнерін игеруді көптен армандап жүрген Самойлова Риммаға берілді. Екібастұз қаласы Естай атындағы музыка мектебінен келген қонақтар "Жай қоңыр" қазақ халық аспаптар ансамблінің орындауында "Адай", "Балбырауын" күйлері орындалды. Жарқын флешмоб, домбырамен би мерекелік бағдарламаның сәнін келтірді.
Орталық басшысы Нағима Атайқызы Абдрахманова тәрбиеленушілер мен қонақтарды Республика күнімен құттықтай келе, баршамызға бірлік, бейбітшілік және келісім тілей отырып , орталықта домбыра кабинетінің ашылуы – елімізге еркіндік сыйлаған ұлы күн - Республика күні мерекесінің қайта жаңғыруымен тұспа-тұс келгенін және бұл күн жарқын естелікке толы күн ретінде балалардың есінде ұзақ сақталатындығын да атап өтті.