2023 жылдың 08 маусымында «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы «Павлодар облысы бойынша кәсіби даму институты» Павлодар облысы Білім беру басқармасының «Жас ұрпақ» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнымен бірлесе отырып, Павлодар облысының интернаттық мекемелерінің, балалар үйлерінің педагогтарына арналған «Жасөспірімдер үйі тәрбиеленушілерінің қазіргі қазақстандық қоғамға табысты бейімделу жағдайларын жасау» тақырыбында облыстық семинар өткізді. Семинарға тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Абдулина Г.К. қатысты.
Семинар бағдарламасының басты мақсаты – Павлодар қаласының Жасөспірімдер үйінің жұмыс тәжірибесімен алмасу болды. «Жасөспірімдер үйі тәрбиеленушілерінің қазіргі қазақстандық қоғамға әлеуметтік бейімделу мәселелері» тақырыбында КМҚК «Жас ұрпақ» басшысы Қойсоймасова А.К. баяндама жасады. Ал КМҚК «Жас ұрпақ» тәрбиешісі Токтагулова К.В. тыңдаушыларға «NEET буыны жастарымен қалай жұмыс істеу керек?» тақырыбында өз тәжірибесін ұсынды. Көтерілген тақырыптың практикалық қырларына ерекше назар аударылды. Тыңдаушылардың қызығушылығын панорама түрінде ұйымдастырылған шеберлік сағаттарына қатысу ерекше оятты.
Семинарда ұсынылған барлық практикалық тәжірибелер қызықты әрі ең бастысы қолдануға лайық болды. Ақпарат ауқымы қолжетімді түрде, стандарттан тыс баяндалды. Семинар пікір алмасу және ұсыныстар түрінде қорытындыланды. Барлық қатысушылар семинар жұмысына, ұйымдастырылуына және жалпы атмосферасына жоғары баға берді. Семинардың артықшылықтары ретінде іс-шараның өзектілігі, ұсынылған жұмыс түрлерінің алуан түрлілігі, материалдың қолжетімділігі мен мазмұндылығы атап өтілді.
Семинар нәтижесі – педагогтардың жұмысын жаңа деңгейге көтеретін, шығармашылық жетістіктерге жетелейтін тиімді тәжірибе болды. Қызықты семинар үшін ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз!
